Ұлтын сүетін, тарих сүйетін оқырман үшін аз данамен экслюзив шектеулі/аз данамен басылып шыққан "Қазақ мемлекеті және Жошы хан" тарихи зерттеу туындыға тапсырыс қабылдаймыз. +7-700-2463530
1940 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген Зардыхан Қинаятұлы – көрнекті ғалым, саясаткер, қоғам қайраткері ретінде танылған тұлға. Моңғолия мемлекеттік университеті мен Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдаған ол – тарих ғылымдарының докторы, профессор. 1990–1992 жылдары Моңғолия Үкіметінің вице-премьері және Моңғолия Парламентінің вице-спикері сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Атажұрттан сыртқары елдерде биік лауазымға ие болған санаулы қазақтың бірі – коммунистік жүйе дағдарысынан кейінгі кезеңде Моңғолияда жүргізілген Конституциялық һәм саяси-экономикалық реформалардың құқықтық және теориялық негізін қалағандардың бірі ретінде әлемге танылған қазақ.
Алайда саналы болмысын ұлтқа қызмет етуді ту етіп ұстанған қайраткер барша игіліктері мен привлегияларынан бас тартып, атажұртқа кетуді жөн деп тапқан Зардыхан Қинаятұлы 1994 жылдан бері ширек ғасыр ғұмырын ғылыми шығармашылыққа арнады. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қызмет еткен ғалым қазақ тарихында орны ойсырап тұрған медиавистика саласын деректік, теориялық-практикалық жақтан дамытуға күш-қайратын жұмсады. Оның ғылыми шығармашылығынан туындаған «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары», «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті», «Жылаған жылдар шежіресі», «Көшпенділік ғұмыр» және т.б көптеген еңбегі – ұлт руханиятына қосылған сүбелі еңбек. Аталған еңбектерден ғалымның биік өресі, терең зердесі, қайраткерге тән темірқазықтай нық ұстанымдары айқын аңғарылып тұрады. Қазақ мемлекеттілігі тарихы, қазақ тарихының моңғол билігі дәуірі тарихын зерттеу саласының жетекші мамандарының бірі ретінде бағаланған Зардыхан Қинаятұлы – бес томға жүк болған Қазақстан тарихының 4-томының авторының бірі. «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарламасына белсене атсалысқан Зақаң «Қазақстан тарихына қатысты Моңғол деректерінің» III томы және «Ортағасырлық тарихи ой: тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» атты көлемді еңбекті дайындаушылардың бірі және арнаулы редакторы. «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректер» атты екі томдықтың кеңесшісі. «Қазақ мемлекеттілігі тарихы» атты көлемді монография оның жетекшілігімен жарық көрді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тапсырысы бойынша «Шетелдегі қазақтар» сериясымен «Моңғолиядағы қазақтар» I-II кітабын шығарды. «Қазақтар мен моңғолдар тарих тоғысында» атты екі томдық ғылыми еңбек жазды. Сонымен қатар Қазақстанның ғылыми және көпшілік баспасөздерінде көптеген мақаласы жарық көрді. Дегенмен ауқымды еңбектерінің арасынан «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты туындысы тек кәсіби мамандардың ғана емес, өскелең заманның рухани сұранысына толығымен лайықты құнды тарихи мұраға айналды десек артық айтқанымыз емес.
Бұл зерттеуінде ғалым Жошы ханның тегі, балалық шағынан бастап қолбасшы, мемлекет қайраткерлігіне көтерілгенге дейінгі аралықтағы өмірі мен қызметін монғол, орыс, қытай, араб, парсы, Еуропа тілдеріндегі көптеген көне құнды дерекке сүйене отырып айшықтап өрбіткен, жете саралаған. Қазақ даласындағы мемлекеттік үрдістің бастаулары, оның қалыптасуы, дамуы, жалпы қазақ мемлекеті туралы соны пікірлерін ұсынған. Ол Жошы Ұлысынан бастау алған Қазақ мемлекеті Ақ Ордадан басталатынын шегелеп дәлелдеп кетті.
«Алтын Орда ыдырағанда оның қабырғасынын жеті мемлекет (Қазақ хандығы, Москва мемлекеті, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Қасым хандығы, Сібір хандығы, Ноғай ордасы) бой көтерді. Солардың ішіндегі алғашқы және қазір де дербес мемлекет ретінде өзін сақтап қалған жалғыз мемлекет ол – Ақ орданың ізбасары Қазақ мемлекеті ғана. Сондықтан да тарихтың жолын қуар болсақ, Қазақ мемлекеті Жошы Ұлысының басты мұрагері болып табылады», – деген Зардықан Қинаятұлының жасаған қорытындысы дәл бүгінгі күннің ең маңызды тақырыбына айналғаны шындық. Біз осыған шүкір етеміз, сәйкесінше, ғалымның айтулы еңбегі дүйім жұрттың игілігіне айналуы оңды дей отырып, көкейтесті тақырыпты дер кезінде дөп басқан туындыны оқырман назарына ұсыну парыз деп таптық. Қазақ елінің болашағы кемел, өскелең ұрпақтың рухы асқақ болуына осы тақылеттес еңбектердің берері арта түссін деген тілеуқор ниетпен көркемдеп тарту етіп отырмыз. Қабыл алыңыздар!